Казалинская детская музыкальная школа имени Коркыт Ата


О нас

Қорқыт Ата мектебі - кәсіби музыканың бастау бұлағы

      Қазалы ауданындағы  қосымша білім беру ұйымдарының бірі және бірегейі - музыка мектебінің тарихы сонау 60-шы жылдардың басынан бастау алған. Нақтырақ айтсақ, облыста алғаш боп 1964 жылғы 1 қыркүйекте Қазалы ауданының  орталығы-Жаңақазалы қыстағында тұңғыш рет аудандық балалар музыка  мектебі ашылды. Сол  жылдан бастап өзінің музыкалық  өмірін сиқырлы сазбен өрнектеген аудандағы бірегей өнер ошағы болған қарашаңырақ шәкірттерін шынайы өнердің шыңына шығарған облыс бойынша өнегелі де, өрісті ұжымға айналды.Ең алғаш 4 оқытушы  бар болғаны 30 оқушымен баян, аккордеон, фортепиано кластары бойынша музыкалық білім беру жұмысын бастады. Мектептің алғашқы директоры кейінгі жылдары педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор атанған Өтемісов Жеңіс болды. 1973-80 жылдар аралығында мектепті Өржанов Садық, 1980-82 жылдары Ізмаханов Қараман,1982-1985 жылдары Анатолий Валентинович Цой, 1985-1990 жылдары Күнсұлу Отарбаева,1990-1996 жылдары Жақсыгүл Омарова  атты ұстаздар басқарды. 1996 жылдан- 2012 жылға дейін музыка мектебін Раманқұл Әуез  басқарды. 1990-1996 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қызметін Қожахметов Әділбек, 1996-2012 жылдары Қамшыбек Бақыткүл сынды ұстаздар атқарды. Мектепті басқарған азаматтардың қайсысы да өз кезеңінде бар іскерлік ұйымдастырушылық қабілеттері мен еңбектерін  мектептің дамып, өркендеуіне жұмсап, өз үлестерін қосты. Осындай айтулы мерейтой қарсаңында музыка мектебі әкімшілігі мен ұжым оқытушыларының бірлесіп атқарған ынтамақты жұмыстарының  нәтижесін  мерейтой қарсаңында тілге тиек етпекпіз.     

      2012 жылдан бастап  ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Әліш Сәукен  Әлмәмбетұлы Қазалы аудандық балалар музыка мектебінің  директоры қызметін абыройлы басқарып келеді.   Бүгінде кез-келген қоғамды музыкасыз елестету қиын. Музыка саласына тәрбиеленушілерді жүйелі түрде оқытып, болашақ маман етіп дайындауда музыка мектептерінің  алатын орны ерекше. Елу жылдан астам аудан оқушыларына үздіксіз қызмет жасап келе жатырған өнердің киелі қарашаңырағына 2013 жылы мектеп басшысы Сәукен Әліштің бастамасымен және мектеп ұжымының толық қолдауымен мектепке Қорқыт Ата есімін беру туралы шешім қабылданып, құжаттар аудандық және облыстық ономастикалық жұмысшы тобының қарауына берілген болатын. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында  қуанышты хабар келіп,  ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 23 желтоқсандағы №842 қаулысымен Қазалы аудандық балалар музыка мектебіне Қорқыт Ата есімі берілді. Қазіргі таңда 2018-2019 оқу жылының басындағы  мәлімет бойынша білім ордасында 55 мұғалім өз мамандықтары бойынша жұмыс жасап келеді. Олардың ішінде білімдері бойынша: Жоғары білімді мұғалімдер -42, арнаулы орта білімді мұғалімдер-13. Санаттары бойынша: Жоғары санатты-11, бірінші санатты-12, екінші санатты-18 мұғалім бар. Қаншама қиындық кезеңдерден өтсе де, соңғы жылдары өнерге деген көзқарас жақсарып, біршама жұмыстар жандандырылып келеді. Бұрын аудан орталығында    бір ғана музыка мектебі болса,соңғы 10 жылдықта мектеп қанатын жайып, өнер ордасы музыкалық филиал кластары өзге де елді мекендерде Қазалы қаласы, Басықара ауылы, Жалаңтөс батыр ауылдарында  ашылып, олар балалардың  музыка мамандығын жан-жақты терең меңгеруіне себепші болып отыр.  Қазіргі  таңда мектепте 3 филиалды қоса есептегенде 628 оқушы музыканың13 бағыты: домбыра, баян, фортепиано, қыл қобыз, прима қобыз, терме, вокал, скрипка, флейта, гитара, саксофон, виолончель, хореография мамандықтары бойынша білім алуда. Айта кету керек Қазалы музыка мектебі мамандық түрі, бала қамтылуы жөнінен бүгінгі  таңда облыстағы музыка және өнер мектептері ішінде бірінші  орында тұрған білім ошағы. Республика бойынша 300-ге тарта музыка мектептерінің ішінде алдыңғы қатарда екендігіне күмәніміз жоқ. 2013-2014 оқу жылынан бастап кент орталығынан мектеп басшысының бастамасымен классикалық аспаптар: гитара, скрипка, саксофон  мамандықтары, 2015-2016 оқу жылында вокал, 2017-2018 оқу жылында виолончель және Қорқыт атаның қыл қобыз мамандықтары қатарға қосылып ол аудан халқының қолдауы мен балалардыңүлкен  қызығушылығын  тудырып, таланттардың өнерге деген қызығушылығын арттырып келеді. Бір айта кетерлігі музыка мектебінің басқа қосымша білім беру мекемелерден ерекшелігі оқушыларды кәсіби маман болып шығу үшін жұмыс жүргізеді және оқушыға мектепті бітіргендігі туралы арнайы куәлік беріледі. Балаларға білім  стандарттарына сай сапалы  музыкалық білім беру үшін мектеп оқытушылары арасында нәтижелі жұмыс үшін заңды бәсекелестікке қол жеткізілген. Елу жылдан астам тарихы бар мектеп ұжымы жоғарғы жетістіктерге жетіп келеді. Жалпы барлық мәселенің тетігін шешетін кадрлар екені белгілі. Мектепішілік оқу – тәрбие жұмыстарының сапасын рейтингілік бағалау жүйесі жолға қойылып, әр оқу жылының аяғында қортындыланып, алдыңғы саптан көрінген үлгілі оқытушылар мерзімінде марапатталып отырады. Мектепте педагог қызметкерлердің шабытын шыңдап, бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мақсатында түрлі мектепішілік байқаулар мен іс-шаралар өткізіліп отырады. Осындай түрлі мектепішілік шаралар оқытушылардың белсенділікпен жұмыс жасауларына айтарлықтай әсер етіп, алдағы уақыттардағы түрлі деңгейдегі музыкалық  байқауларда өз қабілет- қарымдарын батыл көрсету үшін алғашқы баспалдақ болатыны сөзсіз. Соның нәтижесінде мектеп оқытушылары: аспапта орындаушылар: М.Жебе, Ә.Ибрайымов, А.Тұяқ, Р.Әбілтаев, М.Байдаулетова, А.Қосуақов, С.Отаралиев, Н.Серімбетов, Х.Панабеков, Ж.Өмірбек, А.Сырлыбай, талантты термеші  С.Бисембаева, әнші Г.Мұратбай сынды мектеп ұстаздары аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып келеді. Осындай кең көлемдегі талап пен үздіксіз ізденудің арқасында аудандық музыка мектебінің оқушыларынан 2012-2017  жылдар аралығында  100-ден астам  түрлі облыстық, республикалық, халықаралық музыкалық  байқаулардың  лауреаттары  шығып отыр.Олардың ішінде шетелдерден орындар алып келген оқушыларыда бар.  Бүгінгі таңда Елбасының алдында мемлекеттік салтанатты концерттерде өнер көрсетіп жүрген мектеп шәкірттері, қазір студенттер немесе жоғары, арнаулы музыкалық оқу орындарында ұстаз қызметтерін атқаруда. Олар Қазақстан атынан әлемнің түрлі елдерінде өнер көрсетіп жүр. Музыка мектептерінің оқушыларына арналған нағыз кәсіби «Жас музыкант» конкурсының облыстық, республикалық кезеңдеріне жүлдегер-лауреаттар дайындап шығарған  ардагер ұстаз, домбыра және қобыз класының аға оқытушысы Ерпазыл  Жүсіп, ҚР Білім беру ісінің үздігі, баян класының аға оқытушысы Қонысбек Оразалы,жоғары санатты хор класының оқытушысы Лимаш Әбіш, бірінші санатты флейта, гитара және саксофон класының оқытушысы Әділхан Ибрайымов, жоғары санатты фортепиано класының оқытушысы Баян Алпысбай, бірінші санатты домбыра класының оқытушысы Айгүл Тұяқ, бірінші санатты фортепиано класының оқытушысы Айгүл Дарибаевалар озат ұстаздар сапында мектеп абыройының биікке көтерілуіне зор үлестерін қосып келеді.Тағы бір көңілге қуаныш ұялатар жақсы бастама - ардагер ұстаздарды ұлықтау. Соңғы 3-4 жылда мектеп басшысының бастамасымен аудан халқына музыка мектебінің озат әрі ардагер ұстаздарына арналған кеш-концерттер беріліп жүр. Олар: Ерпазыл Жүсіп, Оразалы Қонысбек, Өтеулі Күлдәрі. Бұл кештің мақсаты әрі өнерпаз, әрі озат ұстаздарды аудан халқына кеңінен насихаттау. Бұл тәжірибелі ұжымның мерейлі межелеріне жеткен көңіл қуантарлық қомақты жетістігі екені ақиқат. Осы музыка мектебінде дәріс беретін талантты оқытушылардан құралған аудандық «Мырза» атындағы халық аспаптары оркестрі мен  «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблі мүшелері облыстық, республикалық, халықаралық ансамбльдер байқауларында жоғарғы жетістікке жетіп, лауреат атанды.  Қазіргі таңда аудандық «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблі-көркемдік жетекшісі С.Әліш, «Мырза» атындағы халық оркестрі-дирижері Р.Әбілтаев,  «Мелодия» орыс халық аспаптары ансамблі- жетекшісі Д.Келжанов, «Назқоңыр» қыздар вокалды  тобы-жетекшісі Л.Әбіш,«Тұран» балар хоры-жетекшісі Л.Әбіш- өнер ұжымдары жұмыс жасайды. 1993 жылдан бастап тоқтап қалған оқушылар оркестрі мен ансамбльдері мектеп  басшысының  бастауымен зейнет демалысына шыққан ұстаздардың сағаттарының есебінен қайта ашылып, 2014-2015 оқу жылынан бастап оқушылардың домбырашылар ансамблі,баянистер ансамблі, халық аспаптары оркестрі, халық аспаптары ансамблі, қобызшылар ансамблі, үрлемелі аспаптар ансамблі және гитаристер ансамбльдері жұмыс жасайды. Мектеп басшысының мақсаты-алдағы жылдары мектепке үрлемелі аспаптар гобой, кларнет, труба сынды аспаптар мамандарын шақырып, музыка мектебінде, жалпы ауданда тұңғыш рет «камералық ансамбль» құру.  Бұл дегеніңіз келешекте ауданымыздың оқушылары  классик композиторлардың камералық ансамбльдерге арналған шағын шығармаларын орындап, музыкалық мәдениетінің, талғамның дамуы боп саналады. Қазалы аудандық «Мырза» оркестрі мен «Қорқыт сазы» халық ансамблінің өнерпаздарының барлығы /жүз пайыз дерлік/ осы музыка  мектебі оқытушыларынан құралған. «Мырза» атындағы халық аспаптары оркестрі мен  «Қорқыт сазы» халық аспаптар ансамбльдерінің репертуарының жаңаруы мен дамуына, оқушылар хорының репертуарының дамуына  композитор Сәукен Әліштің жасап келе жатырған еңбегі зор. Мектептің алдыңғы қатарлы аға буын үлгі тұтас  ұстаздары қазіргі таңда жас ұстаздаздардың ақылшысына айналып педагогикалық ізденістерінің нығаюына септігін тигізіп келеді.         Мектеп директорларының оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарлары:  республикалық «Тоника» музыкалық конкурсының лауреаты, облыстық «Үздік ансамбль жетекшісі-2018» байқауының жүлдегері, аудандық «Мырза» атындағы халық оркестрінің белді мүшесі Досан Келжанов, түрлі деңгейдегі өнер байқауларының жеңімпазы, «Мырза» атындағы қазақ оркестрінің және «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблінің белді мүшесі, талантты орындаушы Мұрат Жебе, тәжірбиелі, жастарға үлгі болып келе жатырған аға ұстаздар: Оразалы Қонысбек, Әбіш Күләш, Әбіш Лимаш, Кенжетай Өміржан, Байсеңгір Әділбек, Күдебай Тәжімұрат, Момбек Нәбира, Рысмахан Гүлнар, Мұстафа Алтын, Құрманбаева Күлсін және оқушылары түрлі деңгейдегі халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық  музыкалық конкурстардың жеңімпаздары, шебер орындаушылар, өз ісінің мамандары:  Әділхан Ибрайымов, Алпысбай Баян, Айгүл Тұяқ, Құрман Жұмагүл,  Айгүл Дарибаева, термеші Сандуғаш Бисембаева, Маханбетжанов Талғат, Әбілтаев Рақымжан, Әбілтаева Әлия, Сүлейменова Ғазиза, Өтемісова Анар, Байдаулетова Мейрамгүл, Қосуақов Ақылбек, Панабеков Хамит, Отаралиева Ақбота сынды мектеп ұстаздары қазіргі таңда үлгілі, тәжірбиелі ұстаздар ретінде мектеп мақтаныштарына айналып отыр.         Мектептегі оқу-тәрбие үрдісін жаңаша дамыту, яғни оның нәтижесінің көңіл  толарлықтай болуын қадағалау жаңашыл педагогтардың қолында болуы керектігін жете ескерген мектеп әкімшілігі 2012 жылы мектеп директоры Сәукен Әліштің бастамасымен осы  мақсатта облыс тарихында тұңғыш рет 22 -25   желтоқсан аралығында оқушылардың функционалдық сауатын  арттыру  және  оқытушылардың теориялық – практикалық  әрі кәсіби  жұмыс үдерісін дамыту мақсатында Алматы қаласынан КСРО және Қазақстан Республикасының Композиторлар Одағының мүшесі, ҚР Композиторлар Одағының аттестаттау комиссиясының төрағасы, пианист, симфонист Хабибулла  Сетек мырза бастаған және Кызылорда   музыкалық  колледжінің  аға ұстаздары шақыртылып, Қазалы аудандық балалар музыка мектебі базасында  шеберлік сабақтары өткізілді. Бұл шара С.Әліштің аудан кәсіпкерлерін демеушілікке тарту арқасында іске асты. Осы жоба аясында мектептің басшысы оқытушылар мен мамандарға, аудандағы музыка мұғалімдеріне арнап мастер-класс сабағын өткізді. Осы  2012  жылдың  29 желтоқсаны  күні мектепке  ҚР Қорғаныс министрлігі  Әскери Өкілдіктер орталығының  ІХ әскери  өкілдігінің бастығы, полковник қызметін атқаратын Қазалының айтулы азаматы, Жұмабек Жұматайұлы Дүйсенбаевтың туған жерге деген тікелей қамқорлығы және мектеп басшысы Сәукен Әлішпен келісімге келуі нәтижесінде Астана  қаласынан  қуанышты  хабар келді.  Ол ҚР Қорғаныс  министрлігінің  пайдалану  мерзімі өткен эстрадалық  аппаратуралары мен үрлемелі, ұрмалы  аспаптары  мен концерттік  киімдері болатын.  ҚР Қорғаныс  министрінің  2012 жылғы 12 желтоқсандағы  №970 бұйрығымен Қазалы  аудандық балалар музыка мектебіне  сыйға  беріліп, ол оқушылардың одан әрі шеберлігін шыңдауына шынайы әсер етіп отыр.Бұл облыс тарихында бұрын соңды болмаған оқиға. Бұл игі шара жалғасын тауып былтырғы 2017-2018 оқу жылының басында да  ҚР Қорғаныс министрінің арнайы №359 бұйрығымен ұлттық нақыштағы сахналық киімдері кезекті рет мектепке сыйға берілді.        Мектептің ең түйткілді мәселелерінің бірі - музыкалық аспаптардың бала санына шаққанда жетіспеушілігі шешімін таппай келе жатқан болатын. 2016 жылы  мектеп басшысының бастамашылдығы нәтижесінде аудан бюджетінен 8 млн,456 мың  қаржысы қаралып, мектепке  музыкалық аспаптар алынды. 2015 жылдың 4 желтоқсанында аудан әкімінің қатысуымен Қазалы аудандық балалар музыка мектебі базасында «Музыка мектептерінде  өнерлі тұлға тәрбиелеу жолындағы  оқытушылар  мен оқушылардың кәсіби  дамуын  ұйымдастыру  жолдары: теория мен практикадағы  оқытудың  инновациялық  жаңа үлгілері» атты  облыстық  семинар өту мүмкіндігі  мектептің  50-жылдық мерей тойымен  және «Өнерлі білім ордасы» деп аталатын музыка мектебінің 50 жылдығына арналған кітабының  тұсау кесер   рәсімімен қатар ұйымдастырылған  үлкен іс-шара  болды. Семинарды жоғары дәрежеде өткізген Қорқыт Ата музыка мектебіне облыстық орталығының дипломы табысталды.         Өнер ордасы 2015-2016 оқу жылының сәуір айында Қызылорда облыстық білім басқармасы және облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен балалар музыка және өнер мектептері арасында «Үздік музыка, өнер мектебі-2016» байқауына  қатысып, мектептің оқу тәрбие жұмыстары, материалдық техникалық соңғы үш жылдық жұмыстардың қорытындысы бойынша  Қазалы аудандық балалар музыка мектебі  облыс бойынша бас жүлдені жеңіп алды.Нәтижесінде сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы, Б.Сайлыбаевтың арнайы дипломымен марапатталды. Және де мектеп ұжымы 2015 жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімінің  «Ең үздік шығармашыл ұжым» номинациясымен, 2016 жылдың қортындысы бойынша аудандық білім бөлімінің сараптамасымен «Ең үздік қосымша білім беру мекемесі» бағамымен марапатталды. Бұл әрине, мектеп әкімішілігі және мектеп ұстаздарының нәтижелі жұмыс жасауының  арқасында келген ұжымға берілген жоғары баға.         Мектеп әкімшілігі  үлкен қалаларда музыкалық түрлі  жоғары, арнаулы орта білім беретін,университет, консерватория, өнер университеті, музыкалық колледждерде оқып жатырған өзінің шәкірт-студенттерімен кездесу  концертін, есепті концерттерін аудан халқына ұсынып , балаларды музыкалық өнерге баулып келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін осындай концерттердің халыққа насихатталуы арқылы жыл санап өнер ошағында оқушылар саны өсіп отыр.Соңғы 3-4 жылдан бері ауданымызда музыка мектебіне деген ата-аналардың сұранысы өте жоғары деңгейде. Оған себеп те жоқ емес, мектеп оқушыларының аудандық,облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда  лауреат атануы, жоғарыда ата өткендей  мектепті бітірген студент  жастардың және мектеп ұжымы мен оқушыларының  есепті концерттерінің ауданның жалпы  мектептерінде кезең-кезеңімен қойылуы, оқытушылар мен оқушылардың  ауданның мәдени іс-шараларына белсене өнер көрсетуінің  өзі аудан оқушыларының  аспапты меңгеруге және өзі сол аспапта ойнауға деген құштарлығы мен қызығушылығын тудыруда. Соңғы 3 жылдық көрсеткіш бойынша әр оқу жылында 300-ден аса оқушылардан өтініш түседі. Биылғы оқу жылында 300-ден астам оқушыдан өтініш түскен. Бірақ мектепте класс кабинеттерінің  жетіспеушілігі салдарынан оқушы санын шектеуге тура келеді. 2013 жылдан бастап мектеп бітіруші түлектердің мемлекеттік емтиханына төраға Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінен шақыртылып келеді. Айта кету керек Қызылорда музыкалық колледжінде оқып жатқан студенттердің қырық пайызға жуығы осы Қазалы аудандық балалар музыка мектебін  бітірген оқушылардан құралып отыр. Музыкалық колледжі бітірген мектеп түлектерінің де алпыс пайызы Алматы қаласындағы ұлттық консерватория мен Астана қаласындағы «Шабыт» Ұлттық өнер университетінде білімдерін жалғастырып келеді.           Мектептің  шаруашылық жұмыстарында мектеп басшысының ұйымдастыруымен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы мәселелері шешімін тауып, жыл сайын ішкі-сыртқы жұмыстар жаңаланып, 2013  жылдан бастап мектеп ауласына жақсы топырақ әкелініп, ғимарат алдына  200 түп түрлі ағаштар отырғызылып және арнайы гүл отырғызылатын гүлзарлар жасалып, мектеп басшысының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Төлеу Серік бастаған техникалық қызметкерлерінің күтіп баптауымен  қазіргі таңда мектеп алды  көлеңкелі саяға айналып келеді. 2016-2017оқу жылында мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында мектептегі мамандық кластарына қажетті жабдықтар мен түрлі музыкалық аспаптар алынды.          Мектеп директоры Сәукен Әліш Әлмамбетұлы ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, 3 мәрте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ұйымдастырылған кәсіби республикалық конкурстардың лауреаты. С.Әліштің шығармаларын Құрманғазы атындағы оркестр, қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар  сазы» ұлт аспаптары оркестрі, мемлекеттік симфониялық оркестрлері және хор ұжымдарына арнап жазған шығармаларын облыстық филармониялар ұжымдары орындап келеді. 2017 жылғы 30- шы сәуір күні мектептің кәсіби деңгейін  кең көлемде    насихаттау, мектеп оқытушылары мен оқушыларының шығармашылық  шеберлігін шыңдау, тәжірбие алмасу, республикалық деңгейдегі кәсіби мамандармен  шеберлік  сағаттарын өткізу мақсатында және ҚР Президентінің  2017 жылдың 12 сәуірде Қазақстан Республикасы  халқына жолдаған «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа ала отырып, мектеп директоры С.Әліштің арнайы шақыртуымен және аудандық білім, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қолдауымен Батыс Қазақстан облыстық филармониясының халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Құрмет орденінің иегері, өнер зерттеушісі, профессор Еркін Нұрымбетов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының солисі, жезтаңдай әнші, «Қазақтың Хатимолласы» атанған Хатимолла Бердіғалиев және  халықаралық байқаулардың жеңімпазы, ҚР Мәдениет қайраткері, қобызшы, Қазалы музыка мектебінің түлегі Жамиля Нұрымбетова сынды кәсіби мамандардың қатысуымен 30 сәуір күнді мектеп оқытушыларынан құралған  аудандық  «Мырза» атындағы халық аспаптары оркестрімен ұсынылған «Сыр-Жайықты  тел емген»  атты концерті  аудан халқының ризашылығына бөленіп, жоғары  деңгейде өткізілді. Мектептің негізгі мақсаты оқушыларды музыкалық   колледждер мен жоғары оқу орындарының музыка факультеттеріне түсуіне даярлау. Соңғы 5 жылда мектебімізді бітірген шәкірттеріміздің кемі 30%-ы музыкалық оқу орындарына грантпен оқуға түсу талабы мектеп басшылығы тарапынан міндет етіп қойылып, ол абыроймен орындалып келеді. Бір ғана мысал; 2015-2016 оқу жылында бітірген 54 оқушының 19-ы,  2016-2017 оқу  жылында бітірген 36 оқушының 20-сы, былтырғы 2017-2018 оқу  жылында бітірген 54 оқушының 20-ы музыкалық оқу орындарына түсуге ниеттеніп, барлығы да мамандықтары бойынша 100%  мемлекеттік грант негізінде  Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Орал, Көкшетау, Жезқазған, Петропавл және Қызылорда қалаларындағы музыкалық жоғарғы оқу орындарына және колледждерге оқуға түсті. Сауатты, өз кәсібін жетік меңгерген маманнан, озық ойлы шәкірт тәрбиеленуі заңды құбылыс. Мектеп шәкірттері түрлі конкурстармен байқаулардың жеңімпаздары. халықаралық, республикалық, облыстық додаларда топ жарған оқушылардың жеңісі мектеп ұстаздарының жемісті еңбегі деп білуге болады. Қорқыт Ата атындағы қазалы аудандық балалар музыка мектебі түрлі қиындықтардан өтсе де, қазіргі таңда облысымыздағы іргесі берік қаланған, абыройы асқақтаған өнерлі музыка ошағына айналды.

       

 

Главная | О нас | Новости | Услуги | Пишите нам
© Все права защищены.
Web-4-U - Бесплатные сайты